Наурыз мерекесіне орай Талапты ауылында мазмұны терең іс-шара өтті. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз халқымыз үшін жаңа жылдың бастауымен қатар ізгілік пен татулықтың мерекесі. Табиғат түлеп, күн мен түн теңелген бұл сәт – адам баласының да өткенге есеп беріп, болашаққа үмітпен қадам басатын кезеңі.
Осы айтулы күні ауыл қариялары І.Бөбеев, Б.Тастанбеков, С.Одаманов, С.Қазыбеков, ҚР Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Қ.Пазылбек, ауданның бас имамы Б.Әбусейіт, мәслихат депутаты Б.Пәзілбек және білім саласының әдіскері Д.Ембайлармен бірге қатысып, барша ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтадық. Өз сөзімде: ілгеріде даналарымыз «Туған жерге туыңды тік» дегендей, кіндік қаным тамған ауылымда өткен әрбір мереке мен үшін ерекше әсер сыйлайтынын, осы аядай ауылдан еліміздің даңқын асырған небір азаматтар шыққанын және алдағы уақытта да елге үлгі болар жастарымыз өсіп келе жатқанына сенімім мол екенін жеткіздім.
Қ.Сәтбаев атындағы мектепте өткен жиында білім саласының үздіктері марапатталып, ел болашағын тәрбиелеп жүрген ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Мерекеге жиылған көпшілікке ас беріліп, құран бағышталды. Бұл– ата-баба рухына тағзым етіп, өткенге құрмет көрсетудің айқын көрінісі.
Ұлттық дәстүрлер жаңғырып, тұсау кесер рәсімі өткізілді. Жас ұрпаққа ақ жол тілеп, болашағының баянды болуына ақ батамызды бердік.
Сонымен қатар, кір тасын көтеру, арқан тартыс, ләңгі тебу сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылып, халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрі кеңінен насихатталды.
Мерекелік іс-шара әсем концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен күйден шашу шашылды. Осындай игі шаралар ұлттың рухын көтеріп, бірлігімізді бекемдей түсетіні сөзсіз.





