Биология күні: Өмір кезеңдері және адам құндылығы
Жаратылыстану пәндері онкүндігі аясында 15 қаңтар күні Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте Биология күні мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шаралармен өтті.
Бұл күні биология пәнінің мұғалімі Пиралиева Арайлым жетекшілігімен «Қартаю. Қарттық кезең» тақырыбында кіріктірілген сабақ ұйымдастырылды. Сабақ барысында оқушылар адам өмірінің кезеңдерін биологиялық тұрғыда талдап қана қоймай, рольдік ойын арқылы тақырыпты тереңірек ашты. Рольдік көріністерде оқушылар әр кезеңдегі адамның болмысын, мінез-құлқын, ойлау ерекшеліктерін шынайы бейнелеп, сабаққа ерекше әсер берді.
Сабаққа мектеп медбикесі Кенжебай Айгүл қатысып, қартаю кезеңіндегі ағзаның физиологиялық өзгерістері туралы өз ойын ортаға салса,
мектеп психологы Тұрсынбекова Меруерт қарттық шақтағы психологиялық ерекшеліктер, ой-сана өзгерісі мен үлкендерге құрмет тақырыбын тарқатып, сабақтың тәрбиелік маңызын арттырды.
Көңілді үзіліс – ұстаздарға арналған «Ой-сана тартысы»
Биология күні аясында үлкен үзілісте биология пәнінің зертханашысы Айтбай Мейірімжан ұйымдастыруымен тек ұстаздар қауымына арналған «Ой-сана тартысы» атты көңілді сергіту ойыны өтті. Ұстаздар логикалық сұрақтар мен танымдық тапсырмаларға қатысып, ой сергітіп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Бұл сәт ұжымдық бірлікті нығайтып, әріптестер арасында жағымды атмосфера қалыптастырды.
Биология күні – ғылым мен өмірді ұштастырған, адамгершілік құндылықтарды дәріптеген мазмұнды күн болды.





