Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте 25 қыркүйек күні балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ерекше форматта "Бала қауіпсіздігі - қоғам негізі" тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті. Жиналысқа келген ата-аналарды мектеп психологтары қарсы алды. Жиын барысында ата-аналардың өмірде де, интернет кеңістігінде де балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау мәселесі талқыланды. Мектеп директоры Ділдабай Ләззат Ермаханқызы 2024-2025 оқу жылынан бастап барлық сыныпта апта сайын сынып сағаттары аясында "Қауіпсіздік сабақтары" өтіп жатқандығын хабарлады. Білім алушыларды интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет ету қажеттігін де тілге тиек етті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрымшан Нұржігіт балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын ата-аналарға кеңес беру пункті ашылып, кабинеттер жабдықталғандығын айтып өтті. Жиналыста ата-аналарға қатерлерді дер кезінде тану және оның алдын алу үшін қандай шаралар қабылдау керектігі жөнінде мектеп психологы Тұрсынбекова Меруерт түсіндірді. Олардың негізгілерінің қатарында баланың мінез-құлқы мен әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақылау және мектеп ортасындағы құрдастарымен қарым-қатынасы мәселесі де айтылды.
Психологтың айтуынша, баламен тұрақты қарым-қатынас жасап, ашық диалог құрудың маңызы зор. Жиналыстың қорытынды бөлімінде ата-аналарға сұрақтар беріліп, жауаптар тыңдалды.