Тіліңізді таңдаңыз

Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп
Ресми интернет-ресурс

1 қыркүйек – Білім күні

қыркүйек – Білім күніне орай мектебімізде «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауымен басталған айтулы шараға мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар және ардақты қонақтар қатысты.
Салтанатты жиынды мектеп директоры Ләззат Ділдабай Ермаханқызы құттықтау сөзімен ашып, барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Өз сөзінде жаңа оқу жылында шығармашылық табыс, толағай жетістіктер мен биік белестер тіледі. Сонымен қатар оқу жылындағы белсенділігі мен жетістіктері үшін бірқатар ұстаздар мен оқушыларды марапаттады.
Солардың қатарында оқушымыз Қалдыбек Айару да бар. Ол 2026 жылғы 14–24 тамыз аралығында Өлгей қаласында (Моңғолия) өткен тоғызқұмалақтан 11, 13, 15 және 17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы Классика және Рапид түрлері бойынша жарыста чемпион атанып, мектебіміздің мерейін үстем етті.
Салтанатты жиынның қадірлі қонақтары қатарында Қамқоршылық кеңесінің төрағасы – Әбенов Қайрат мырза; ардагер ұстаздар – Тілеужан Жанаткүл апай, Иманберді Шаншархан апай, Өтеген Назым апай; Қоғам ауылдық округінің бас маманы – Сейдуллаев Біржан мырза; Отырар аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция қызметкері – Якудаев Мұхтар мырза болды.
Құрметті қонақтар оқушыларға жүрекжарды ақ тілектерін арнап, жаңа оқу жылында білім биігінен көрінуге, ізденімпаз әрі еңбекқор болуға шақырды. Сондай-ақ жас ұрпақтың бойында елжандылық, адалдық, жауапкершілік және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушылары үшін бұл күн – білім әлеміне бастар алғашқы қадам. Ал мектеп бітіруші түлектер үшін жаңа оқу жылы – үлкен өмірге қадам басар алдындағы жауапты кезеңнің бастауы. Осы орайда барша оқушыларға білім жолында биік мақсаттарға жетіп, жарқын жеңістерге жетуіне ізгі тілектер білдірілді.
Мерекелік жиын барысында оқушылардың өнері мен шығармашылық қабілеттері де кеңінен көрініс тапты. Әсем ән мен әсерлі жыр, жүрекжарды тілектер жаңа оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауға ерекше әсер сыйлады.
Білім күні – жаңа бастамалардың, асқақ армандардың, үлкен мақсаттардың және жарқын болашаққа бастар алғашқы қадамдардың мерекесі. Еліміздің ертеңі – білімді, адал, зерделі әрі жауапты ұрпақтың қолында.
Жаңа оқу жылы барша ұстаздар мен оқушыларға құтты болсын!
Білім жолындағы әр қадамымыз нық, жетістіктеріміз биік, болашағымыз жарқын болсын! 📚🔔✨