Физика күні: Қысым құбылыстары – ғылым мен ұлттық рухтың тоғысы
Жаратылыстану пәндері онкүндігі аясында 14 қаңтар күні Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте Физика күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып, оқушылар үшін танымға толы, әсерлі іс-шаралармен есте қалды.
Бұл күннің басты бағыты – «Қысым қызықтары» тақырыбындағы танымдық сабақ болды. Танымдық сабақ физика пәнінің мұғалімі Сейсенова Айжан жетекшілігімен өткізілді. Сабақ барысында оқушылар қысым ұғымын тек теория жүзінде ғана емес, түрлі тәжірибелер арқылы көзбен көріп, қолмен ұстап түсінді. Әртүрлі құрал-жабдықтар көмегімен ауа қысымы, сұйықтықтардағы қысым, атмосфералық қысымның әсері көрсетіліп, тәжірибелер оқушылардың қызығушылығын ерекше арттырды.
Оқушылар қысымның техникада, медицинада, тұрмыстық құралдарда қалай пайдаланылатынын тереңірек ұғынып, физиканың өмірмен тығыз байланысын сезіне алды. Тәжірибе мен талдауға негізделген сабақ оқушылардың логикалық ойлауын дамытып, ғылыми көзқарасын қалыптастырды.
Ұлттық ойын – ұлт қазынасы
Физика күні аясында ұйымдастырылған таңғы сергіту жаратылыстану пәндері әдіс бірлестігінің мүшелері ұйымдастыруымен «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында өтіп, мектеп алаңында ерекше көтеріңкі көңіл күй орнатты. Оқушылар асық ату, бестас, заманауи форматтағы арқан тартыс, тоғызқұмалақ ойындарын ойнап, ұлттық мұрамен қауышты.
Ұлттық ойындар арқылы оқушылар тек сергіп қана қоймай, шапшаңдық, ептілік, дәлдік, логикалық ойлау дағдыларын дамытты. Көне дәстүр мен заманауи формат үйлесім тапқан сергіту сәті оқушылардың бір-бірімен жақындасып, ұйымшылдықты сезінуіне үлкен ықпал етті.
Физика күні – ғылым мен ұлттық тәрбиенің үйлесім тапқан жарқын үлгісі болды.





