Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп
Официальный интернет-ресурс

«Баланың бас ұстазы - ата-ана» тақырыбында 9 қаңтар күні ата-аналар жиналысы өтті.

Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Баланың бас ұстазы - ата-ана» тақырыбында 9 қаңтар күні ата-аналар жиналысы өтті.

Жиналысқа мектеп директоры, тәрбие орынбасары, оқу орынбасары, мектеп психологі, әлеуметтік педагог, сынып жетекшілер және ата-аналар қатысты.

Күн тәртібінде төмендегі мәселелер көтерілді.

1. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуда отбасының рөлі.

(Нашақорлық, темекі, зиянды әдеттер: ата-аналық бақылау және алдын алу шаралары.)

2.Зорлық-зомбылықтың алдын алу: отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланысты нығайту. Телефонды қолдану жөніндегі нұсқаулықпен таныстыру.

(Буллинг, кибербуллинг, эмоционалдық зорлық түрлері туралы ақпарат)

Мектеп директоры Ділдабай Ләззат Ермаханқызы сөз алып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндама жасады. Қазіргі қоғамдағы жасөспірімдердің мінез-құлық ерекшеліктері, қауіп-қатер факторлары, отбасы тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі салдарынан туындайтын мәселелер кеңінен қарастырылды.

Алдымен, отбасы – баланың алғашқы тәрбиесі мен қауіпсіздік ортасы екендігі атап өтіліп, ата-ананың күнделікті бақылауы, баламен тұрақты қарым-қатынасы, эмоционалдық қолдауы және тәрбие үлгісінің бала тұлғасының қалыптасуына тікелей ықпал ететіндігі түсіндірілді.

Жиналыс барысында жасөспірімдер арасында жиі кездесетін нашақорлық, темекі тарту, вейп қолдану, энергетикалық сусындарға тәуелділік мәселелері қозғалды. Бұл зиянды әдеттердің ерекше қауіптілігі, олардың жас организмнің жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырлары қызметіне, тыныс алу жолдарына, психологиялық тұрақтылығына ауыр әсер ететіні жөнінде нақты деректер келтірілді.

Мектеп психологі Турсынбекова Меруерт сөз алып, қазіргі таңда жасөспірімдер арасында кең таралып отырған буллинг, кибербуллинг және зорлық-зомбылықтың эмоционалдық түрлері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Психолог оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету — мектептің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, қазіргі цифрлық заманда жиі кездесетін кибербуллинг түрлері кеңінен қарастырылды: әлеуметтік желілердегі қорлау, жағымсыз пікірлер, жалған ақпарат тарату, фотосуреттерін рұқсатсыз жариялау, чаттағы қысым көрсету және анонимді қорқыту жағдайлары. Мұндай әрекеттердің жасөспірімнің өзін-өзі бағалауына, эмоционалдық жағдайына, оқу үлгеріміне және тұлғалық дамуына елеулі зиян келтіретіні айтылды.