Қ.Сәтбаев мектебінде наурыз айында ұлттық және патриоттық фильмдерді насихаттау жоспарына сәйкес 10 "ә"-сынып оқушыларына «Жерұйық» фильмі көрсетілді. Шараның негізгі мақсаты – оқушылардың тарихи санасын қалыптастыру, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу және патриоттық рухты нығайту болып табылады.
Фильм барысында оқушылар қазақ халқының тарихымен, ел бірлігі мен жер тағдырына қатысты маңызды оқиғалармен танысты. Туындыда халықтың бейбіт өмірді, әділетті қоғамды аңсауы, ел қамын ойлаған тұлғалардың іс-әрекеті, халықтың бірлігі мен татулығы кеңінен көрініс табады. Сонымен қатар фильмде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, дүниетанымы мен рухани құндылықтары бейнеленіп, жас ұрпаққа тағылымды ой салады.
Фильм көрсетілімінен кейін оқушылармен пікір алмасу ұйымдастырылып, фильмнің мазмұны мен тәрбиелік маңызы талқыланды. Оқушылар өз ойларын айтып, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Олар тарихи фильмдердің өткенді тануға, ата-баба мұрасын қадірлеуге және ел тарихын терең түсінуге ықпал ететінін атап өтті.
Бұл шара оқушылардың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық рухты дәріптеуге, отансүйгіштік сезімді арттыруға бағытталған тәрбиелік маңызы зор іс-шаралардың бірі болды.





